10
декабрь
2021
Тәуелсіздік және Елбасы Н.Ә. Назарбаев

Тәуелсіздік және Елбасы Н.Ә. Назарбаев
Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке дейін ұзақ әрі күрделі жолдан өтті. Қазақ мемлекеттілігі түрлі тарихи кезеңдерде әр қырлы үлгіні иеленді. Олар: хандық, протекторат, одақтық, республика. Дегенмен ұлттық мүддеге сәйкес келетін және ХХІ ғасырдың сын-тегеурініне төтеп бере алатын заманауи үлгідегі толыққанды мемлекеттілік 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана құрылды.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты баяндамасында еліміздің тәуелсіздік жолындағы қадамдары мен жеткен нәтижелері тамаша талданған.
Елбасының қиын да қаһарлы жылдар тарихына жасаған тарихи шолуында бірнеше ғасыр бойы тәуелсіздік үшін күресіп, тағдырдың талқысына көп түскен қазақ елінің тағдыры зерделенген. Ұлт-азаттық көтерілістер, азаматтық қарсыласу жылдары, ашаршылық, репрессия, депортация, ҰОС, тың игеру, тоқырау мен қайта құру жылдары т.б тарихи оқиғаларға Ұлт көшбасшысы ретінде өз бағасын берген.
Сонымен қатар бұл баяндамада Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздікті жариялаудан бастап, шынайы егеменді мемлекеттік жолға түсуі, еліміздің әлемдік қауымдастыққа танылуы, беделді қатысушысына айналуы нық тарихилық принциппен көрсетілген.
Елбасы ҚР мемлекет эволюциясын және оның тәуелсіздік кезеңіндегі
саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени реформалау үрдістерінің барысы мен нәтижелерін және экономикалық қуатының өсуін айқындауды да саралай отырып, бүгінгі күнде әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орнын көрсетті. Қазақстан Республикасы көпбағытты саясат ұстану негізінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ сыртқы саяси басымдықтардың тұрақты жүйесін қалыптастырды.
Елбасы мақаласын оқи отырып түйгенім, «Тәуелсіздік тағылымынан» сабақ алу арқылы, рухы күшті, бірлігі бекем жұрт болуды насихаттайды. Дана бабаларымыздан қалған тарихымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен ұлттық кодымызды сақтай отырып, дамудың эволюциялық жолымен жүруміздің қажеттігіне баса назар аударған.
Т.ғ.к Чекетаева Р.С.