
28 наурыз күні «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихи оқиғасына 300 жыл толуына орай 8- сынып оқушыларына «Қазақ елінің дербестігі үшін күрес» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 1723-1727 жылдар қазақ халқының жадында тарихтағы қиын кезеңдердің бірі ретінде қалды. 1722 жылы ойраттармен ұзақ уақыт соғысқан цин боғдыханы Канси қайтыс болғаннан кейін Қытаймен шекарада біраз орнаған тыныштық Цеван-Рабданның Қазақстанға жаңа күшті соққы беруіне мүмкіндік берді. Осылайша 1723 жылдың көктемінде жоспарланған жаулап алу жорығы қазақ халқының тарихына «Ұлы апат жылдары» - «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауымен енген. Шәкәрім Құдайбердиевтің түсіндірмесіне сәйкес, "жаяу-жалпы адамдардың ақ табан болғанша жүгіріп қашуы" делінген. Дәл сол жылдары қазақтың ең көне әні – жоқтау «Елім-ай» қазақ қайғысының символы ретінде дүниеге келді. Қазақтар шайқас алаңында 100 мыңға жуық жауынгерден айырылды, бейбіт тұрғындар арасында құрбан болғандар саны бірнеше есе көп болды. 1728 жылдың көктемінде жоңғарлармен шайқас қазақтардың үлкен жеңісімен аяқталды. Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімін қалыптастыратын іс- шараның тәрбиелік мәні зор.